Түркістан облысында жол апатынан бір отбасының бес қызы қаза тапты
Мектеп бітіруші қыз басқарған көлік апатқа ұшырап, балалар көз жұмды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Түлкібас ауданында болған жол-көлік оқиғасынан бір отбасының бес баласы қаза тапты. Тағы бір бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.
Қайғылы жағдай Еңбекші ауылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo көлігі жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылған.
Соққының қатты болғаны соншалық, көлік екі бөлікке бөлініп кеткен. Апат салдарынан бір отбасының бес баласы оқиға орнында көз жұмған.
Тағы бір бала ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, қазіргі жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Баланың ата-анасының өтініші бойынша оның денсаулығына қатысты толық ақпарат жарияланбайды.
КТК телеарнасының мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы қыз балалар болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлік тізгінінде мектепті биыл аяқтаған түлек отырған болуы мүмкін.
«Қаза болған балалардың барлығы бір отбасының балалары. Біз үйіне барып, көңіл айттық. Жүргізуші қыз бала екен, немереммен бірге оқыған. Биыл мектеп бітірген. Айтуларынша, көлікті сол басқарған», – деді ауыл тұрғыны Бейсенкүл Күдеріқызы.
Түркістан облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Бес адамның қаза тауып, бір адамның жарақат алуына әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, жүргізуші көлікті басқара алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылған», – деді полиция өкілдері.
Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Қазақстан бойынша жол апатынан адам өлімі көп тіркелген өңірлердің бірі атанған еді. Бас прокуратура мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында облыста 461 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 100 адам қаза болған. Тағы 573 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Материал авторы