860

Макрон көпшілік алдына қайтадан қара көзілдірікпен шықты

Франция президентінің қара көзілдірігі тағы да жұрт назарын аударды.

Макрон көпшілік алдына қайтадан қара көзілдірікпен шықты
AFP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Франция президенті Эммануэль Макрон ресми кездесулер кезінде тағы да қара көзілдірікпен көрінді. Оның бұл бейнесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Макрон Парижде Оман сұлтаны Хайсам бен Тарикпен кездескен кезде қара көзілдірік таққан. Франция президенті кездесуден кейін әлеуметтік желідегі парақшасында Оман басшысымен жүздескенін жазып, суреттерін жариялады.

Сондай-ақ Елисей сарайының ресми парақшасында Франция мен Оман арасындағы форумнан видео жарияланды. Кадрларда Макронның көзілдірікпен жүргені байқалады.

Кейін француз көшбасшысы Таиланд королі Маха Вачиралонгкорн мен оның жұбайы, патшайым Сутхидамен кездескен. Бұл кездесуде де Макрон қара көзілдірігін шешпеген.

Президенттің мұндай бейнесі интернет қолданушыларының назарын аударды. Себебі бұл Макронның бір жыл ішіндегі қара көзілдірікпен көпшілік алдына екінші рет шығуы.

Бұған дейін 2026 жылдың қаңтарында Макрон Елисей сарайындағы кездесулердің бірінде көзілдірікпен көрінген еді. Сол кезде ол көзіндегі қан тамыры жарылғанын айтып, біраз уақыт қара көзілдірік тағуға тура келетінін түсіндірген.

Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында Макронға қатысты тағы бір оқиға әлеуметтік желілерде кең талқыланған болатын. Вьетнамға сапары кезінде түсірілген видеода оның жұбайы Брижит Макронға қол көтергендей көрінген сәт тараған.

Кейін француз президенті бұл кадрда ерлі-зайыптылардың қалжыңдап тұрған сәті түсірілгенін айтып, жағдайды түсіндірген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор