1777

«Теракт болуы мүмкін»: Монакода украиналық бизнесменді жарып жіберді

Миллиардер мен оның отбасына қастандық жасалған болуы мүмкін.

«Теракт болуы мүмкін»: Монакода украиналық бизнесменді жарып жіберді
x.com/Gakruks1

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Монакода тұрғын үйде болған күшті жарылыстан үш адам зардап шекті. Олардың арасында украиналық кәсіпкер Вадим Ермолаев пен оның отбасы мүшелері бар. Оқиғаға байланысты билік ықтимал теракт нұсқасын тексеріп жатыр.

Жарылыс 29 маусым күні кешке Франциямен шекараға жақын орналасқан Реверенд Пер Луи Фролла көшесіндегі тұрғын үйде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің қатарында 50 жас шамасындағы ерлі-зайыпты және олардың 13 жастағы ұлы бар.

Ерлі-зайыптылардың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Ал жасөспірімнің жарақаты жеңілірек болған. Үшеуі де Ницца қаласындағы ауруханаларға жеткізілген.

Тергеу нұсқасы бойынша, жарылыс қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін. Бақылау камералары оқиға алдында ғимараттың кіреберісіне сөмке қалдырған ер адамды түсіріп алған. Күдікті кейін жаяу кетіп, Францияның Босолей қаласына қарай бағыт алған.

Куәгерлер мен камера жазбалары бойынша күдікті ашық түсті шалбар, қара күрте және бетінің бір бөлігін жауып тұрған бас киім киген.

Монако үкімет басшысы Кристоф Мирман жарылғыш заттың құрамында металл зақымдаушы бөлшектер болуы мүмкін екенін айтты. Қазір оқиға орнында тергеушілер, саперлер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Оның сөзінше, бұл жағдай князьдік тарихындағы алғашқы ықтимал теракт болуы мүмкін.

Украиналық БАҚ зардап шеккендердің бірі Днепр қаласынан шыққан кәсіпкер Вадим Ермолаев екенін жазды. Ол Alef сауда-өндірістік корпорациясының негізін қалаушы және қаладағы ірі құрылыс компанияларының бірінің иесі ретінде танымал.

Бұған дейін Ермолаев Forbes рейтингінде Украинадағы ең бай адамдардың қатарында болған. Кейін ол украин азаматтығынан бас тартып, Кипр төлқұжатын алған.

2023 жылдың желтоқсанында Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің шешімі негізінде Ермолаевқа 10 жыл мерзімге жеке санкциялар енгізген. Украина қауіпсіздік қызметі бұған оның Қырымдағы алкоголь бизнесіне қатысы барын және компанияларының Ресей бюджетіне салық төлегенін себеп ретінде көрсеткен.

Монако билігі жарылысқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Князь Альбер II кінәлілерді анықтау үшін барлық қажетті шара қабылданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға бүкіл князьдік үшін үлкен соққы болды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор