«Чехияға жұмысқа жіберемін» деп азаматтарды 800 мың теңгеге алдаған ер адам ұсталды
Шетелде жұмыс істеуге қызыққандарды алдаған алаяқтың схемасы әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада шетелде жұмысқа орналастыруды уәде етіп, бірнеше азаматты алдады деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды. Ол Чехияға жұмысқа жіберуге көмектесемін деп адамдардан ақша алып, кейін байланысын үзген. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен ер адамды қолға түсірді.
Полиция мәліметінше, күдікті азаматтарға шетелде жылдам әрі еш кедергісіз жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар екенін айтып сендірген. Ол осы сылтаумен адамдардан әртүрлі көлемде ақша алған.
Тергеу барысында ер адамның мұндай әрекетті алты эпизод бойынша жасағаны анықталған. Жәбірленушілерден ақша алғаннан кейін күдікті олармен байланысқа шықпай қойған.
«Күдікті өз кінәсін мойындады. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 800 мың теңгені құрады», – деді Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды шетелге шығуға және жұмысқа орналасуға көмектесемін деген белгісіз адамдарға сенбеуге шақырды.
Құқық қорғау органдары мұндай қызмет көрсететін компанияның лицензиясы мен заңды жұмыс істеп жатқанын алдын ала тексеру қажет екенін ескертті. Сондай-ақ келісімшарт талаптарын мұқият оқып, барлық шарт анық болғанға дейін ақша аудармауға кеңес берді.
Күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда азаматтарға полицияның «102» нөміріне хабарласу ұсынылады.
Материал авторы