973

Ресейлік БАҚ Елена Рыбакинаның Уимблдонды сенімді жеңіспен бастайтынын болжады

Ресейлік сарапшылар қазақстандық теннисшінің тәжірибесі мен қарсыласының әлсіз тұстары шешуші болады деп санайды.

Ресейлік БАҚ Елена Рыбакинаның Уимблдонды сенімді жеңіспен бастайтынын болжады
Jimmie48 Photography, WTA

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік Vseprosport.ru порталы Уимблдон-2026 турнирінің алғашқы айналымындағы қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мен франциялық Лоис Буассон арасындағы кездесуге болжам жасады. Басылым өкілдері Рыбакинаның жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтетінін күтеді.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Елена Рыбакина 30 маусым күні Уимблдонның алғашқы кездесуін 154-орындағы француз теннисшісі Лоис Буассонға қарсы өткізеді.

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, Рыбакинаның тәжірибесі мен шөп төсенішіндегі ойыны оған басымдық береді. Буассон былтырғы «Ролан Гаррос» турниріндегі жартылай финалдан кейін айтарлықтай нәтиже көрсете алмаған.

Басылым мәліметінше, француз спортшысы мансабында шөп төсенішінде небәрі екі матч өткізіп, екеуінде де жеңілген. Соның бірі Хертогенбос қаласындағы турнирде өткен, онда ол қарсыласына жол берген.

Ал Рыбакина өткен жылы Уимблдонда үшінші айналымнан әрі аса алмаған. Биыл қазақстандық теннисші бұл нәтижені жақсартуға және рейтингтік ұпай қорын көбейтуге мүмкіндік алып отыр.

Сонымен қатар сарапшылар Рыбакинаның дайындығы кезінде қиындықтар болғанын атап өтті. Теннисші жамбас аймағындағы мәселелерге байланысты Бад-Хомбургтегі турнирден бас тартқан. Лондон мен Берлиндегі дайындық жарыстарында да күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Дегенмен Vseprosport.ru өкілдері Буассонның қазіргі формасын ескере отырып, Рыбакинаның қарсыласынан сенімді түрде басым түсетінін жазды.

«Біздің болжамымыз – Рыбакинаның (-6,5) гейм айырмасымен жеңісі», – деп келтіреді басылым сарапшылар пікірін.

Айта кетейік, Елена Рыбакина мен Лоис Буассон арасындағы Уимблдон-2026 алғашқы айналым матчы 30 маусым күні өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.

Материал авторы