1106

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды

Сот отырысында айыптау актісінің жаңа нұсқасы жарияланды.

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында Жангелдиндер отбасының өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптар қайта қаралып, жаңа тармақтар қосылды.

30 маусымда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік айыптаушылар Сәрсемәлиевке жаңартылған айыптау актісін жариялады.

Айыптаудағы негізгі өзгерістердің бірі бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен енесі Насип Өтешқалиеваға қатысты эпизодтарға байланысты болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар бұған дейін жасалған бұрынғы қайын інісі Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатында өлтірілген болуы мүмкін. Осыған байланысты аталған эпизодтар бойынша айыптау ауырлататын жаңа белгілермен толықтырылды.

Сондай-ақ бұрынғы балдызы Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты айып та өзгертілді. Тергеу мәліметінше, әйел дәрменсіз жағдайда болған: оның психикалық денсаулығына байланысты мәселелері, мүгедектігі болған және өзін қорғауға мүмкіндігі болмаған. Осы себепті іс бойынша қосымша саралау белгілері енгізілді.

Бұдан бөлек, басқа да қылмыстық эпизодтарға құқықтық баға өзгерген. Қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік бойынша жәрдемақы мен зейнетақы төлемдерін заңсыз алу енді ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған интернет-алаяқтық ретінде қарастырылып отыр.

Ал жәбірленушілердің малын сату фактісі бұрынғыдай алаяқтық емес, мал ұрлығы ретінде қайта сараланған.

Жаңартылған айыптау актісінен сотталушының жазасын жеңілдетуі мүмкін деп есептелген кейбір жағдайлар да алынып тасталды. Оның ішінде кінәсін мойындауы, өкінуі және бес кәмелетке толмаған баласының болуы туралы деректер бар.

Сот отырысында судья Зарема Хамидуллина Сәрсемәлиевке енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Сотталушы жаңа айыптардың мәнін нақтылап сұрады.

Кейін жәбірленушілердің адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Сәрсемәлиевтің Ақбаян Мұқанғалиевамен ажырасуына қатысты Махамбет аудандық сотының шешімін жария етуді сұрады.

Құжатқа сәйкес, әйел 2022 жылы күйеуінің опасыздығынан кейін ажырасуға өтініш берген. Ол отбасын сақтап қалу мүмкін емес екенін көрсеткен. Сот талапты қанағаттандырған, ал Сәрсемәлиев ажырасуға қарсылық білдірмеген.

Адвокаттың айтуынша, бұл құжат қылмыстық іске Ақбаян Мұқанғалиеваның ажырасу кезінде психологиялық жағдайы тұрақты болғанын көрсету үшін тіркелген.

Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Сол кезде Сәрсемәлиев жаңа айыптарды мойындай ма, жоқ па, сондай-ақ бұрын берген жауаптарында қала ма — белгілі болады.

Еске сала кетейік, биыл қаңтар айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасының жоғалғаны хабарланған болатын. Кейін ерлі-зайыпты қарттардың, одан соң олардың екі ересек баласының денесі табылған.

Бұл қылмысқа отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде танылған. Бұған дейін сотталушы қылмыс жасау себебін айтып, қаза тапқандарды кінәсіз деп санамайтынын мәлімдеген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор