1147

Астанадағы LRT-ге ресми түрде жаңа атау берілді

Жаңа атау республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде бекітілді.

Астанадағы LRT-ге ресми түрде жаңа атау берілді
instagram.com/cts_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) ресми түрде жаңа атауға ие болды. Енді жоба «Tarlan Astana» деп аталады. Тиісті қаулыға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойған.

Құжатқа сәйкес, шешім «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң негізінде және 2026 жылғы 12 маусымда қабылданған Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысына сәйкес қабылданған.

Қаулы мәтінінде:

«Астана қаласының жеңіл рельсті көлік жүйесіне “Tarlan Astana” атауы берілсін», – деп көрсетілген.

Сондай-ақ құжатта Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысына қаулыны іске асыруға байланысты қажетті жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылған.

Бұған дейін LRT жүйесіне жаңа атау беру туралы ұсыныс елорда тұрғындарының, қоғам белсенділерінің және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған еді.

Осылайша, Астанада көп жылдан бері салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі ресми түрде «Tarlan Astana» атауымен жұмыс істейтін болады.

Материал авторы