1151

Алматыда такси жүргізушісі туристерден 150 доллар талап еткен

Шетелдік қонақтарды алдамақ болған такси жүргізушісі полиция назарына ілікті.

Алматыда такси жүргізушісі туристерден 150 доллар талап еткен
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда такси жүргізушісі шетелдік туристерден жол ақысы ретінде 150 доллар талап етіп, заңсыз ақша алған. Полиция араласқаннан кейін қаражат толық көлемде қайтарылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Оқиға екі Үндістан азаматының шағымынан кейін белгілі болды. Туристер Алматы халықаралық әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін барғаннан кейін жүргізуші сапар құнын негізсіз көтеріп, олардан 150 АҚШ долларын талап еткен.

Жолаушылар полицияға хабарласқан соң, Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізушінің жеке басын жедел анықтады.

Тексеру барысында такси жүргізушісінің жолаушылардан заңсыз ақша алғаны анықталып, қаражат шетелдік азаматтарға толық қайтарылды.

Полиция мәліметінше, жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар жиналып, іс шешім шығару үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданады.

Алматы полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын тасымалдау кезінде жолаушылар есебінен заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында бағаланатынын ескертті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор