Астанада ер адам жолдағы жанжалдан кейін қызды соққыға жықты
Жолдағы жанжалдан кейін ауыр жарақат алған қыздың отбасы куәгер іздейді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада ер адам жол үстіндегі жанжалдан кейін көлігінен түсіп, қызға шабуыл жасаған. Қазір зардап шеккен азаматша ауруханада жатыр, ал оның туыстары оқиға куәгерлерін іздеп жатыр.
Оқиға 25 маусым күні сағат 11:00 шамасында Әлімбаев көшесі, 3/2 үй маңындағы жолда болған. Зардап шеккен қыздың әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында жанжал басқа көлік жүргізушісінің агрессивті әрекетінен басталғанын айтқан.
Туысының мәліметінше, ер адам әдейі қыз отырған көлікті кесіп өтіп, жол ережесін бұзып, қауіпті жағдай туғызған. Кейін көлігінен түсіп, қарсылық көрсете алмайтын қызды жолдың дәл ортасында ұрып-соққан.
Шабуыл салдарынан қыз ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта ол ауруханада ем қабылдап жатыр. Алда бірнеше ота мен ұзақ оңалту кезеңі күтілуде.
Зардап шеккен азаматшаның отбасы оқиға кезінде болған адамдардан көмек сұрады. Туыстары жанжалға куә болған, сол маңнан өткен немесе бейнетіркегіш камерасына жазба түскен жүргізушілерден ақпарат беруді өтінді.
Сондай-ақ оқиға алдында жүргізушінің қауіпті әрекеттерін көрген, төбелес сәтіне куә болған немесе зардап шеккен қызға алғашқы көмек көрсеткен адамдардың да хабарласуын сұрады.
Отбасының айтуынша, кез келген фото, бейнежазба немесе куәгерлердің түсініктемесі оқиғаның толық мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін.
Астана қаласының полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қажетті тергеу әрекеттерінің барлығы жүргізілді», — деп мәлімдеді ведомство.
Тергеу қорытындысы бойынша заң аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Материал авторы