Теңге әлемдегі ең мықты валюталардың қатарына кірді
Қазақстан теңгесі 2026 жылы доллар алдында ең көп нығайған валюталардың біріне айналды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның ұлттық валютасы 2026 жылдың алғашқы жартысында АҚШ долларына шаққанда айтарлықтай күшейіп, әлемдегі ең жақсы нәтиже көрсеткен валюталардың біріне айналды.
Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы нығайып, алғашқы алты ай қорытындысы бойынша әлемдік валюталар арасында көшбасшылар қатарына кірді.
РИА Новости агенттігінің биржа деректеріне жасаған талдауына сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында ең көп қымбаттаған валюта Колумбия песосы болды. Оның доллармен салыстырғандағы бағамы 9,02 пайызға өскен.
Алғашқы бестікке Израиль шекелі, Бразилия реалы, Венгрия форинті және Қазақстан теңгесі енді. Теңгенің долларға қатысты бағамы 4,22 пайызға күшейген.
Сонымен қатар аталған кезеңде бірқатар валюталар керісінше әлсіреді. Олардың қатарында түрік лирасы, Шри-Ланка рупиясы, Оңтүстік Корея воны, Индонезия рупиясы және румын лейі бар.
Қазақстанның ұлттық валютасының нығаюы 2025 жылдың күзінде басталған. Сол уақыттан бері теңге біртіндеп күшейіп, 2026 жылғы 27 сәуірде KASE биржасында доллар бағамы 458,4 теңгеге дейін төмендеген.
Кейін теңге біршама әлсірегенімен, өз позициясын сақтап қалды. 30 маусымдағы соңғы сауда нәтижесінде доллар шамамен 477,3 теңге деңгейінде болды. Ал сол күнгі сауда қорытындысы бойынша орташа бағам 479,98 теңгені құрады.
Бұған дейін сарапшылар теңге бағамы қайтадан бір доллар үшін 540 теңге деңгейіне дейін әлсіреуі мүмкін деген болжам жасаған еді. Сондай-ақ Қазақстанда мамыр айында долларға деген сұраныс жыл басынан бергі ең төменгі деңгейге түскені хабарланған.
Материал авторы