965

Астанада ойын орталығында 4 жасар баланы ток соққан

Оқиғадан кейін мамандар аттракционды тексеріп, қауіпсіздік жүйесін қайта қараған.

Астанада ойын орталығында 4 жасар баланы ток соққан
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы балалар ойын орталықтарының бірінде төрт жасар бала электр тогынан зардап шеккеннен кейін мекеме әкімшілігі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ойын орталығы өкілдері отбасыға көмек көрсетілгенін және ақау жойылғанын айтты.

Орталық әкімшілігінің мәліметінше, оқиғадан кейін қызметкерлер баланың отбасымен бірден байланысқа шығып, келісім бойынша ата-анасының біріне материалдық көмек көрсеткен. Олар баланың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.

«Оқиғадан кейін жағдай болған аумақ жабылып, қоршауға алынды және пайдаланудан шығарылды. Келесі күні мамандар аттракционға толық тексеру жүргізіп, қажетті жұмыстар көлемін анықтады. Кейін ақау толығымен жойылды», — деді ойын орталығы өкілдері.

Сонымен қатар мекеме құрылғыларға қосымша тексеру жүргізілгенін және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін хабарлады.

Орталық әкімшілігі оқиғаға байланысты кейбір мән-жайларды да түсіндірді. Олардың айтуынша, бала оқиға кезінде ойын аймағында ересек адамның қарауынсыз болған. Жеке күтуші қызметі де рәсімделмеген.

Мекеме өкілдерінің мәліметінше, бала аттракцион құрылымындағы саңылауға қолын салған кезде оқыс жағдай болған.

Ойын орталығында келушілерге арналған қауіпсіздік ережелері кіреберісте және аттракциондардың жанында ілінгені айтылды. Ережеге сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалар ересек адамның бақылауында болуы керек, ал баланың қауіпсіздігіне ата-ана немесе бірге келген адам жауап береді.

Сондай-ақ орталық ережесінде жұмыс істеп тұрған құрылғылардың саңылауларына қол, аяқ немесе дененің басқа бөліктерін салуға тыйым салынғаны көрсетілген.

Әкімшілік болған жағдайдан кейін ішкі қауіпсіздік талаптарын қайта қарап, алдын алу шараларын күшейтуге шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Бұған дейін баланың анасы ұлы ойын кезінде тоқ соққанын айтқан еді. Оның сөзінше, ата-анасы баланы өздері медициналық мекемеге жеткізген. Әйелді оқиғадан кейін ойын аймағы жұмысын жалғастырды деген жағдай алаңдатқан.

Астана полиция департаменті бұл дерек тіркелгенін хабарлады. Қазір тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор