1028

СҚО-да жол апаты орнында жедел жәрдем медбикесін ұрып тастаған

Жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетуге келген кезде күтпеген шабуылға тап болды.

СҚО-да жол апаты орнында жедел жәрдем медбикесін ұрып тастаған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы болған жерде жедел жәрдем қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында болған. Полиция департаментінің мәліметінше, Lada автокөлігі аударылып қалған соң оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы барған.

Алайда мамандардың жұмысына көлік ішіндегі жолаушылардың бірі кедергі келтірген. Полиция мәліметінше, 62 жастағы ер адам мас күйінде 37 жастағы медбикеге шабуыл жасап, оның қолы, аяғы және іш тұсынан ұрған.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері агрессивті ер адамды тоқтатып, заң аясында шара қолданған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Жедел медициналық жәрдем қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тергеу барысында жол апатына қатысқан үш адамның да мас болғаны анықталған.

Апатқа кінәлі деп танылған 52 жастағы аудан тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ол жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Қазір жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор