«Пакетке ораған»: Алматыда жөндеушінің денесін жертөлеге жасырған ер адам ұсталды
Полиэтиленге оралған дене табылған үйде қайғылы жағдайдың мән-жайы тексерілуде.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Түрксіб ауданындағы жеке үйлердің бірінің жертөлесінен полиэтиленге оралған ер адамның денесі табылды. Полиция марқұмды жасырды деген күдікпен үй иесін ұстады. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.
Оқиға орнына жедел түрде тергеу-оперативтік топ барған. Құқық қорғау органдары қаза болған адамның кім екенін анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм үй мен пәтер жөндеумен айналысқан маман болған. Қайғылы жағдай болған күні ол аталған нысанда құрылыс және әрлеу жұмыстарын орындау үшін жүрген.
Полиция жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында үйдің иесі ұсталды. Тергеудің бастапқы деректеріне сәйкес, күдікті жалдаған жұмысшы белгісіз жағдайда ауыр жарақат алып, қайтыс болған.
Алайда күдікке ілінген азамат оқиға туралы жедел жәрдемге немесе құқық қорғау органдарына хабарламаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол адамның өлімін жасырып, денесін үйдің жертөлесіне жасырған.
«Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін бірқатар сараптама, соның ішінде сот-медициналық зерттеу тағайындалды», — деді Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдері.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Сараптама қорытындысы оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға мүмкіндік береді.
Материал авторы