1275

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2295 адамға жетті

Құтқарушылар мыңдаған адамды аман алып шыққанымен, 51 мың тұрғын әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2295 адамға жетті
Ariana Cubillos/AP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінің салдарынан қаза тапқандар саны 2295 адамға жетті. Жағдайды ел парламентінің төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеген. Бұл туралы Últimas Noticias басылымы жазды.

Родригестің айтуынша, табиғи апаттан 11 267 адам түрлі жарақат алған. Ал үйлері қираған немесе қатты зақымданған 12 841 тұрғын баспанасыз қалған.

Сондай-ақ ол апаттың тікелей және жанама зардаптарын, соның ішінде материалдық шығынды, физикалық және психологиялық залалды есептегенде, табиғи апаттан зардап шеккендердің жалпы саны 26 403 адамға жеткенін айтты.

Қазіргі уақытқа дейін 17 мың адамға медициналық көмек көрсетілген. Оның ішінде 4,5 мың адам ауруханаға жатқызылған.

Зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін ел бойынша 25 эвакуациялық лагерь ұйымдастырылған. Оның 13-і Ла-Гуайрада, 8-і Каракаста, 2-сі Миранда штатында, ал Қарабобо мен Яракуй штаттарында бір-бірден ашылған.

Жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарына 26 мың әскери қызметкер, полиция, өрт сөндіруші мен құтқарушы, сондай-ақ 17 мың ерікті жұмылдырылған.

Жойқын жер сілкіністері 25 маусымға қараған түні болған. АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 болса, араға небәрі 40 секунд салып магнитудасы 7,5 болатын екінші жер сілкінісі тіркелген.

Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, құтқарушылар қирандылар астынан шамамен 6,5 мың адамды аман алып шыққан. Алайда 51 мың адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Материал авторы