1333

Ер адамды азаптап, ақша мен көлігін талап еткендер бес адам ұсталды

Ақтөбеде қаскөйлер ер адамды ұрып-соғып, көлігін тартып алмақ болған.

Ер адамды азаптап, ақша мен көлігін талап еткендер бес адам ұсталды
Ақтөбе ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалау дерегі бойынша күдікке ілінген бес ер адамды ұстады. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар жергілікті тұрғынды бірнеше сағат бойы заңсыз ұстап, ұрып-соғып, көлігін өздерінің атына рәсімдеуді талап еткен.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына 38 жастағы қала тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар тобы өзін заңсыз ұстап, мүлкін бопсалаған.

Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, күдіктілер жәбірленушінің танысы оның банк картасынан ақша аударып жіберген деген уәжді алға тартқан. Осыны себеп етіп, олар ер адамнан өзіне тиесілі автокөлікті өз аттарына рәсімдеуді және қосымша ақша беруді талап еткен.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер ер адамды автокөлік ішінде бірнеше сағат бойы заңсыз ұстап, оған күш қолданып, талаптарын орындауға мәжбүрлемек болған.

Жәбірленушінің арызынан кейін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақтың қатысуымен арнайы операция өткізді. Соның нәтижесінде күдікке ілінген бес адамның барлығы анықталып, ұсталды.

Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар ұсталғандардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы да тексерілуде.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор