«Бәрі бітті, жылама»: Атырауда мұғалімді өлтірген күйеуіне үкім шықты
Әйелін қызының көзінше өлтірген ер адам сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда бастауыш сынып мұғалімі болған 58 жастағы әйелін өлтірді деп айыпталған 63 жастағы ер адамға сот үкім шығарылды. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылардың арасында ұзақ жылдар бойы қызғаныштан туындайтын жанжалдар жиі болған. Ер адам әйелін опасыздық жасады деп күдіктеніп, оның жүріс-тұрысын үнемі бақылауда ұстаған. Ол пәтерге бейнебақылау камерасын орнатып, ұялы телефондағы қосымша арқылы әйелінің жүрген жерін қадағалап отырған.
Қайғылы оқиға болған түні олардың арасында тағы да жанжал шыққан. Осыдан кейін әйел 12 жастағы қызымен бірге ұйықтауға жатқан. Түнгі сағат екі шамасында ер адам асүйден пышақ алып, бөлмеге кіріп, әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан.
Анасының жан даусынан оянған қыз әкесінен тоқтауын сұрап жалынғанымен, ол шабуылын жалғастырған. Әйел денесінің түрлі жерінен 11 пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Сотта кәмелетке толмаған қыз қайғылы оқиғадан кейін әкесінің өзіне: «Бәрі бітті, жылама» дегенін айтты. Оның сөзінше, кейін ер адам қолы мен пышақтағы қанды жуып, киімін ауыстырып, душ қабылдаған. Тек қызы өтінгеннен кейін ғана полиция мен жедел жәрдем шақырған. Ол кезде әйелін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Сот процесі кезінде марқұмның көршісі де куәлік беріп, әйелдің бұған дейін күйеуінің қоқан-лоққы көрсеткенін бірнеше рет айтқанын жеткізді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын мұғалім көршісіне пәтердің кілтін беріп, бір күні күйеуі өзін түнде пышақтап өлтіруі мүмкін екенін айтып қорыққан.
Сотталушы кінәсін толық мойындағанымен, қылмыс кезінде аффект күйінде болғанын және пышақты қалай алғанын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеген.
Алайда сот-психологиялық және психиатриялық сараптама бұл уәжді растамады. Сарапшылар ер адамның өз әрекетінің мәнін толық түсінгенін, оны басқара алғанын және аффект жағдайында болмағанын анықтады.
Сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Үкімде қылмыстың кәмелетке толмаған қызының көз алдында жасалғаны ауырлататын мән-жай ретінде бағаланып, айыпталушы 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот марқұмның әпкесінің талап-арызын толық қанағаттандырып, сотталған азаматтан моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді.
Қайғылы оқиғадан кейін 12 жастағы қыз қорғаншылық органдарының қарауына берілді. Ал қылмыс жасалған пәтер кейінгі шешім қабылданғанға дейін Атырау әкімдігінің жауапты сақтауына тапсырылды.
Еске салайық, бұл қылмыс 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданында болған. Сот барысында ер адамның әйелін ұзақ уақыт бойы бақылап, қызғаныштың салдарынан жанжалдардың жиі туындағаны да айтылды.
Материал авторы