Қытайдағы қазаққа Си Цзиньпин ең жоғары партиялық марапатты табыстады
100 мыңнан астам адамды емдеген қазақ дәрігері Қытайдың ең жоғары орденін алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайдағы этникалық қазақ, дәрігер Оқас Сүлейменге елдегі ең жоғары әрі ең беделді партиялық марапат – «1 шілде» ордені табысталды. Марапатты оған Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің өзі тапсырды.
Оқас Сүлеймен 1975 жылдан бері дәрігер болып еңбек етеді. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Шыңжаңдағы шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келеді.
Осы уақыт ішінде дәрігер 100 мыңнан астам адамды емдеп, мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалған. Сондай-ақ оның көмегімен 3200-ден астам сәби дүниеге келген.
Оқас Сүлеймен – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты саналатын «1 шілде» орденімен наградталған алғашқы қазақ ұлтының өкілі.
Материал авторы