Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты жаңа Жарлыққа қол қойды
Президент Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы мемлекеттік мекемесі құрылатын болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, жаңа мемлекеттік мекеме – «Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы» құрылады.
Жарлық «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» және «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңдарға сәйкес қабылданған.
Құжатқа сәйкес:
«Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы» мемлекеттік мекемесі құрылады;
Хатшылық туралы ереже мен оның құрылымы бекітіледі;
Президенттің бірқатар жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сонымен қатар Президенттің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №747 «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ережені бекіту туралы» және 2025 жылғы 29 желтоқсандағы №1144 «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын бекіту туралы» жарлықтарының күші жойылды.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет құжатты іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Президенттің Іс басқармасына Қаржы министрлігімен бірлесіп Қазақстан Халық Кеңесі мен оның Хатшылығының басшылығын орналастыру үшін қажетті ғимарат бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.
Құжаттың басым бөлігі қол қойылған күннен бастап күшіне енеді. Ал Қазақстан Республикасы Құрылтайының Аппараты қалыптастырылғаннан кейін күшіне енетін жекелеген нормалар кейінірек қолданысқа енгізіледі.
Материал авторы