1447

Нетаньяху: Израиль АҚШ көмегінсіз өмір сүре алады

Израиль премьері Вашингтон қаржысынан бас тартуды ұсынды.

Нетаньяху: Израиль АҚШ көмегінсіз өмір сүре алады
REUTERS/Ronen Zvulun/Pool/File Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль премьер-министр Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың қаржылай көмегінен біртіндеп бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ел экономикасы қазір америкалық қолдаусыз-ақ өз қажеттіліктерін қаржыландыра алатындай деңгейге жеткен.

Баспасөз мәслихатында сөйлеген Нетаньяху АҚШ көмегін «жұмыссыздық жәрдемақысына» теңеп, Израильдің мұндай тәуелділіктен арылуы қажет екенін айтты.

«Мен америкалық көмекті тоқтатқым келеді. Бұл жұмыссыздық жәрдемақысы сияқты, маған ол қажет емес. Біздің экономика енді шағын экономика емес. АҚШ-тан алып отырған ішкі жалпы өнім үлесін өзіміз қаржыландыра аламыз. Бұл үдеріс биыл басталғанын қалаймын», – деді ол.

Израиль премьері қауіпсіздік мәселелері, Газа секторы, Иран және Ливан жөніндегі ұстанымдарын да қайта мәлімдеді.

Палестина мемлекеттілігі туралы сұраққа жауап берген ол Израильдің еврей халқының ұлттық мемлекеті екенін айтып, ел аумағында Палестина мемлекеті құрылмайтынын жеткізді.

«Израиль – еврей халқының ұлттық мемлекеті. Мұнда ешқандай Палестина мемлекеті құрылмайды», – деді Нетаньяху.

Нетаньяху Израиль қауіпсіздік саласында белсенді саясат жүргізуді жалғастыратынын айтты. Газа секторындағы израильдік қоныстарды қалпына келтіру мүмкіндігіне қатысты нақты жауап бермегенімен, «алдымен әрекет ету, содан кейін айту» дұрыс екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол Иранға қатысты әскери әрекеттер туралы да қатаң мәлімдеме жасады.

«Біз өзімізді жойылып кетуден сақтау үшін Иранға екі рет кірдік. Қажет болса, үшінші рет те жасаймыз», – деді Израиль премьері.

Ливанға қатысты Нетаньяху Израиль әскері «Хезболла» қауіп төндіріп тұрған кезде бұл елден толық кетпейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, Израиль Ливан шекарасы маңында шамамен 10 шақырымдық қауіпсіздік белдеуін құрған.

Бұл мәлімдемелер Ливан мен Израильдің АҚШ арағайындығымен бейбітшілік орнату және «Хезболланы» қарусыздандыру жөніндегі рамалық келісімге қол қойғанынан бірнеше күн өткен соң айтылды.

Келісімге сәйкес, Израильдің Ливан аумағынан кетуі үшін Бейрут билігі ливан әскері «Хезболланың» орнына бақылау жүргізетін арнайы аймақтар құруы қажет.

Материал авторы