2056

Португалия соңғы минутта гол соғып, Хорватияны әлем чемпионатынан шығарды

Криштиану Роналду пенальтиден мергендік танытып, камбэкке жол ашты.

Португалия соңғы минутта гол соғып, Хорватияны әлем чемпионатынан шығарды
REUTERS/Mike Segar

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/16 финалында Португалия құрамасы Хорватияны 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Кездесу Канаданың Торонто қаласындағы BMO Field стадионында өтті.

Хорватия есепті матчтың 53-минутында ашты. Команда сапынан Иван Перишич мергендік танытты. Алайда 68-минутта Криштиану Роналду пенальтиден таразы басын теңестірді.

Жеңіс голы негізгі уақытқа қосылған төртінші минутта соғылды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Гонсалу Рамуш Португалияны алға шығарды.

Матч барысында төрешілер бірнеше голды есепке алмады. Португалия сапынан Криштиану Роналдудың бір голы офсайдқа байланысты күшін жойса, хорваттардың екі добы есептелмеді. Соңғысы матчтың 90+13-минутында VAR тексерісінен кейін офсайд себебімен жарамсыз деп танылды.

Осылайша Роберто Мартинес жаттықтыратын Португалия құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Испаниямен кездеседі.

Португалия топтық кезеңде К тобында екінші орын алған болатын. Команда Өзбекстанды 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, ДР Конгомен (1:1) және Колумбиямен (0:0) тең түсті. Ал Хорватия L тобында Англиядан 2:4 есебімен жеңіліп, кейін Панама (1:0) мен Гананы (2:1) ұтып, плей-оффқа шыққан еді.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтіп жатыр. Турнирге 48 ұлттық құрама қатысуда.

Материал авторы