Шымкентте 150 мың оқырманы бар блогер бопсалау күдігімен ұсталды
Шенеуніктерді видеоға түсіріп, ақша талап еткен блогер мен үш сыбайласы қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желідегі әшкерелеуші видеоларды жариялаймыз деп ақша бопсалады деген күдікке ілінген топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Бұл туралы Polisia.kz Telegram-арнасына жазды.
Полицияның мәліметінше, күдіктілердің бірі – Instagram желісінде шамамен 150 мың оқырманы бар жергілікті блогер. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол тағы үш адаммен бірге әрекет еткен.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдіктілер кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді әдейі видеоға түсіріп отырған. Бұған олардың қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі тәртіптік кемшіліктері немесе кәсіпкерлік қызметіне қатысты ықтимал заңбұзушылықтар себеп ретінде пайдаланылған.
Жиналған бейнематериалдар кейін қысым көрсету құралына айналған. Тергеу мәліметінше, күдіктілер видеоларды әлеуметтік желілерде жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеушілер істің барлық мән-жайын анықтауда.
Материал авторы