973

Қырғызстанда Камчыбек Ташиевке билікті басып алуға дайындалды деген іс бойынша үкім шықты

Қырғызстан соты бұрынғы қауіпсіздік басшысы мен жеті адамды кінәлі деп таныды.

Қырғызстанда Камчыбек Ташиевке билікті басып алуға дайындалды деген іс бойынша үкім шықты
24.kg

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бішкектің Первомай аудандық соты 2 шілдеде Қырғызстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиевке және тағы жеті айыпталушыға қатысты үкім шығарды. Олар билікті күшпен басып алуға дайындалды деген қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы 24.kg сайты жазды.

Сот Қамчыбек Ташиевтен бөлек, Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Құрманқұл Зұлушевті, экс-парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулуды, сондай-ақ Бекболот Талғарбеков, Құрсан Асанов, Құрманбек Дыйқанбаев, Аалы Қарашев және Эмиль Ұзақбаевты кінәлі деп таныды.

Сегіз айыпталушының барлығы төрт жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Алайда сот оларға үш жылдық пробациялық бақылау тағайындағандықтан, жазасын түзеу мекемесінде өтемейді.

Сонымен қатар сот Қамчыбек Ташиевті, Құрманқұл Зұлушевті, Нұрланбек Тұрғынбек уулуды, Бекболот Талғарбековті және Аалы Қарашевті қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақтады.

Қамчыбек Ташиев 2026 жылғы 10 ақпанда Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған болатын. Кейін оған билікті күшпен басып алуға дайындалу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы іс бойынша тағы жеті адам жауапқа тартылды.

Қылмыстық іс «75-тің хаты» деген атауға ие болды. Бұған Қырғызстанның саяси және қоғамдық элитасының 75 өкілі қол қойған ашық үндеудің жариялануы себеп болған. Алғашында іс материалдары құпия сақталып, сот отырыстары жабық режимде өтті. Кейін процесс бірнеше күнге ашық өткізілгенімен, 22 маусымнан бастап қайтадан жабық форматқа көшірілді.

Материал авторы