1061

Қаскелеңде жасөспірімдер бірнеше ер адамды соққыға жықты

Жағдайдан соң балалардың ата-аналары жазаланды.

Қаскелеңде жасөспірімдер бірнеше ер адамды соққыға жықты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Қаскелеңде бірнеше жасөспірімнің ер адамдарды ұрып-соққан сәті түсірілген видео тарады. Оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті түсініктеме берді.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, жасөспірімдер мас күйінде болған бірнеше ер адамға жабылып, оларды соққыға жыққан. Оқиғаны көрген тұрғындар полиция шақырған.

Видеода жерде жатқан ер адамды бірнеше жасөспірімнің тепкілеп жатқанын көруге болады. Кейін олардың бірі үйдің жанында отырған тағы бір ер адамға жерден көтеріп алған затты лақтырып, артынша оның арқасынан теуіп жібереді.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың мас күйіндегі ер адамға дене жарақатын салғаны белгілі болды.

«Тексеру қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданған.

Сондай-ақ заңды өкілдерінің қатысуымен жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме өткізіліп, қолданыстағы заң талаптары мен мұндай әрекеттерге жол берілмейтіні түсіндірілген.

Полицияның хабарлауынша, жәбірленуші ешқандай шағым түсірмеген және арыз жазудан бас тартқан.

Ведомство ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың тәрбиесі, мінез-құлқы және қауіпсіздігі үшін жеке жауапты екенін еске салды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қайшы әрекеттердің барлығы заң аясында тиісті құқықтық баға алатынын атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор