Венесуэладағы жер сілкінісінен сұлулық байқауларының жеңімпазы қаза тапты
23 жастағы модель қыз қираған үй астынан табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Венесуэладағы жойқын жер сілкіністерінен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар бірнеше күндік іздеуден соң Катиа-ла-Мар қаласындағы қираған тұрғын үйдің астынан 23 жастағы модель әрі сұлулық байқауының жеңімпазы Скарлент Родригес пен оның сүйіктісі Хосе Кастроның мәйітін тапты. Бұл туралы People.com басылымы жазды.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, жас жұп болған ғимарат күшті жер сілкінісі кезінде опырылып құлаған. Туыстары соңғы сәтке дейін олардың аман қалатынына үміттенген.
Скарлент Родригес Венесуэла атынан бірнеше халықаралық сұлулық байқауына қатысқан. Ол 2025 жылы «Miss Grand Orlando» атағын жеңіп алған. Кейін «Miss Grand Florida» байқауында бақ сынағанымен, жүлделі орынға ие бола алмаған.
Еске салсақ, Венесуэлада екі бірдей қуатты жер сілкінісі бірнеше секунд аралықпен болған. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны өсіп келеді.
Ресми мәлімет бойынша, қазірге дейін 2295 адам көз жұмған, 11 мыңнан астам адам жарақат алған. Сонымен қатар ондаған мың адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.
Материал авторы