Алматы облысында экс-депутатқа 2,6 млрд теңге субсидия жымқырды деген айып тағылды
Қазына қаржысы казино мен акцияларға кеткен көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі жазды.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен мемлекеттік субсидиялау тетіктерін жақсы меңгерген ол бюджет қаржысын заңсыз алудың тұрақты жүйесін құрған.
Күдікті өзіне қарасты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
Олар уәкілетті органдарға өндірістік жидек алқаптарын отырғызуға арналған элиталық таңқурай көшеттерін сатып алғаны туралы жалған құжаттар тапсырған.
Осы мақсатта сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрондық шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау құжаттары қолдан жасалған.
Алайда тергеу барысында құжаттарда көрсетілген көлемде көшеттердің нақты жеткізілмегені анықталған. Сонымен қатар кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге мүмкіндігі болмаған.
Осының нәтижесінде мемлекеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.
Тергеу мәліметінше, заңсыз алынған қаражаттың 491 млн теңгесі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Ол үшін күдікті жұбайының атына брокерлік шот ашып, қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған.
Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек ретінде «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат бірнеше кезеңмен қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде төрт пәтерге, үш автокөлікке, жеке тұрғын үйге және бағалы қағаздарға тыйым салынды.
Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Материал авторы