1197

Монакодағы украиналық олигархқа жасалған қастандыққа әйел күдікті атанды

Тергеу мәліметінше, күдікті кәсіпкерді бірнеше күн бақылап, кейін үйінің кіреберісіне жарылғыш зат қойған.

Монакодағы украиналық олигархқа жасалған қастандыққа әйел күдікті атанды
aif.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Монако полициясы украиналық кәсіпкер Вадим Ермолаевқа жасалған қастандық ісі бойынша басты күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – Германияда тұрақты тұратын, шамамен 30 жастағы Украина азаматы. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.

Тергеу мәліметінше, күдіктінің жүрген жері Еуропалық одақ елдерінің бірінен анықталған. Монако билігі сол мемлекетке құқықтық көмек көрсету жөнінде ресми сұрау жолдаған.

Күдікті кәсіпкерді аңдып, кейін ер адам кейпіне енген

Le Figaro басылымының жазуынша, жарылыс болған күні бақылау камералары қара қалпақ, қара жилет, ақ шалбар және ашық түсті кроссовка киген әйелді түсіріп алған.

Жарылыстан кейін ол алдымен Монакомен шектесетін Францияның Босолей коммунасына барып, кейін көрші мемлекетке, болжам бойынша Италияға өтіп кеткен.

Тергеушілердің болжамынша, күдікті алдымен кәсіпкерді бақылауға алған. Кейін танылмас үшін ер адамша киініп, Ермолаевтың үйінің кіреберісіне жарылғыш құрылғы қойған.

Басылым мәліметіне сәйкес, жарылғыш зат сәлемдеменің ішіне жасырылып, зақымдау күшін арттыру үшін болттар мен металл бөлшектері салынған.

Кәсіпкердің серігі ауыр жарақат алды

BFMTV мәліметінше, жарылыс құрылғыға кәсіпкердің өмірлік серігі Анна Насобина жақындаған сәтте болған.

46 жастағы Насобина – Днепропетровск облысы прокурорының бұрынғы орынбасарының қызы әрі Club Éclectique клубының тең құрылтайшысы. Әйел шұғыл түрде тікұшақпен Ниццадағы ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялаған. Кейбір расталмаған мәліметтерде оң қолынан да айырылғаны айтылған.

Оқиға кезінде Вадим Ермолаевтың өзі мен оның 13 жастағы ұлы да жарақат алған. Қастандық 29 маусымда кәсіпкер тұратын үйдің аумағында жасалған.

Монако құқық қорғау органдары істі адам өлтіруге оқталу және қоғамдық орында жарылғыш құрылғы орнату баптары бойынша тергеп жатыр. Жарылыстан кейін бір күдікті ұсталғанымен, оған айып тағылмай босатылған.

Тергеу екі негізгі нұсқаны қарастырып жатыр

BFMTV мәліметінше, тергеу әзірге нақты бір нұсқаға тоқтаған жоқ. Қазір екі негізгі бағыт қарастырылуда. Біріншісі – Ермолаевтың украиналық қылмыстық топтармен болуы мүмкін жанжалы. Екіншісі – шетелдік арнайы қызметтердің ықтимал қатысы.

Бұған дейін Le Figaro аноним дереккөздерге сілтеме жасап, тергеушілер Украинаның Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны да зерттеп жатқанын хабарлаған. Басылымдағы дереккөздердің айтуынша, арнайы қызметтің мақсаты кәсіпкерді өлтіру емес, оған «ескерту жасау» болған болуы мүмкін.

Сондай-ақ басылым Ермолаевтың бұған дейін Ресей аннексиялаған Қырымдағы алкоголь бизнесіне байланысты Киев енгізген жеке санкцияларға ілінгенін еске салды. Тергеуде бұдан бөлек, кәсіпкермен байланыстырылатын Днепропетровскідегі алаяқтық колл-орталықтарға бақылау орнату әрекеті де ықтимал себептердің бірі ретінде қарастырылып отырғаны айтылды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор