ЖИ жасаған «еркек келін» туралы видео желіде миллиондаған қаралым жинады
Мыңдаған әйел бейнероликтің астарында өз өміріндегі қиындықтарды көргенін жасырмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жасанды интеллект көмегімен түсірілген, қазақы келіннің міндетін ер адам атқаратын сатиралық бейнеролик Қазнетте кеңінен тарап, қоғамда қызу пікірталас тудырды.
«КЕЛИНКА КАМИЛЛА» атты парақшада жарияланған цифрлық жобада Арман есімді нейрожелі арқылы жасалған кейіпкер қазақ келіндерінің күнделікті тұрмыстағы және психологиялық жүгін арқалайды.
Бейнероликте ол таңнан кешке дейін ас әзірлеп, үй шаруасын атқарып, көп туысқа қызмет көрсетеді әрі үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындауға мәжбүр болады. Автор видеоны «Қазақстан параллель әлемде» деген қысқа жазбамен жариялаған.
Қысқа уақыт ішінде ролик 2 миллионнан астам қаралым жинап, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Пікір қалдырған мыңдаған қазақстандық әйел алғашқыда әзіл секілді көрінетін сюжеттің астарында өздерінің күнделікті өмірі жатқанын жазды.
Олардың айтуынша, мәселе тек үй шаруасының көптігінде емес. Көп жағдайда келіндер күйеуінің туыстары тарапынан көрінбейтін психологиялық қысымға ұшырап, жылдар бойы өз шекарасын қорғай алмай жүреді.
Көптеген қолданушы осы контент ер азаматтарға отбасындағы тұрмыстық жүктің қандай болатынын басқа қырынан көрсетуі мүмкін деген пікір білдірген. Желі қолданушылары өздерінің жеке тәжірибелерімен де бөлісті.
«Бір ай болса да осылай өмір сүріп көрсін, сонда әйелдерін бағалайтын еді. Өкінішке қарай, көптеген әйел дәл осылай өмір сүреді», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір қолданушы: «Арман, босанбайтыныңа, бала емізбейтініңе шүкір де. Сен әлі босану, босанғаннан кейінгі күйзеліс пен қонақ күтудің қандай екенін сезінген жоқсың», – деп пікір білдірген.
Сондай-ақ кейбір желі қолданушылары келінге көрсетілетін немқұрайдылықтың әрдайым ашық байқалмайтынын, кейде өте нәзік психологиялық манипуляциялар арқылы көрінетінін атап өткен. Соның салдарынан әйел өзін күйеуінің отбасына қабылданбағандай сезінетінін жазған.
Материал авторы