Астанада заманауи үлгідегі жаңа цифрлық қызмет орталығы ашылды
Жасанды интеллект көмектесетін жаңа Smart Point кеңсесінде мемлекеттік қызмет алуға болады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада мемлекеттік қызмет көрсету тәсілін түбегейлі өзгертуді көздейтін жаңа буындағы Smart Point цифрлық кеңсесі іске қосылды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Жаңа кеңсенің жұмысымен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Арман Кенжеғалиев кеңсенің негізгі аймақтары мен енгізілген технологиялық шешімдерді таныстырды.

Мемлекеттік қызметті азаматтың өзі рәсімдейді
Smart Point-тің басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметтерді алушылардың құжаттарды өз бетінше рәсімдеуіне басымдық берілуі. Ал орталық қызметкерлері кеңесші ретінде цифрлық сервистерді пайдалануға бағыт-бағдар береді.
Кеңседе құжаттарды онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлер, жеке куәлік пен паспорт алуға өтінімді өздігінен тапсыратын арнайы терминалдар орнатылған.
Сонымен қатар мұнда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGovGPT мультиагенттік платформасы іске қосылған. Жүйе пайдаланушымен диалог жүргізіп, оның сұранысын анықтайды, қажетті мемлекеттік қызметті ұсынады және рәсімдеу процесін кезең-кезеңімен түсіндіреді.

Құжаттарды тәуліктің кез келген уақытында алуға болады
Тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру үшін кеңседе арнайы оқу сыныбы ашылған. Жобаның тағы бір ерекшелігі – тәулік бойы жұмыс істейтін құжат беру аймағы. Азаматтар дайын құжаттарын автоматтандырылған постаматтар арқылы өздеріне қолайлы уақытта алып кете алады.
Қазіргі таңда осындай форматтағы Smart Point кеңселері Жезқазған мен Түркістан қалаларында да жұмыс істеп тұр.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, реформаның негізгі мақсаты – қазақстандықтарға жайлы, жылдам әрі қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, мемлекеттік қызметтерді цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект негізінде жаңа деңгейге шығару маңызды.
«Smart Point сияқты форматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа моделін қалыптастырып отыр. Ендігі негізгі міндет – бұл тәжірибені кеңінен енгізу. Себебі мұндай модель азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер етеді», – деді министр.

Материал авторы