«Мотоциклмен серуендетемін»: СҚО-да ер адам 13 жастағы қызды алдап зорлаған
Тергеу мәліметінше, күдікті мектеп оқушысын мотоциклмен серуендетемін деген желеумен ауыл сыртына алып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында 13 жастағы мектеп оқушысына қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен ер адам ұсталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 1 шілде күні кешке Айыртау ауданында болған. Дүкеннен шыққан қызды 40 жастағы ер адам мотоциклмен серуендетемін деп алдап ертіп кеткен.
Полиция мәліметінше, күдікті жасөспірімді ауыл сыртындағы жерге апарып, сол жерде заңсыз ұстап, оған қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған.
Жоғалған қыз түні бойы іздестірілген. Оны тек таңғы сағат 05:00 шамасында ауылдан тыс жерден тапқан.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Қылмыс жасады деген күдікпен Айыртау ауданының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Полиция тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын және іс департамент басшылығының бақылауында екенін атап өтті.
Материал авторы