Контент үшін шлагбаумды сындырып, көшеде дәрет сындырған алматылық қамауға алынды
Әлеуметтік желіде тараған видео полицияның тексеруіне негіз болып, құқық бұзушы анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда әлеуметтік желіге видео түсіру үшін шлагбаумды сындырып, қоғамдық орында дәрет сындырған жас жігіт 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаменті жазды.
Полицияның мәліметінше, оқиға бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кең тарағаннан кейін құқық қорғау органдары тексеруді өз бастамасымен жүргізген. Азаматтардан арыз түспесе де, Алмалы аудандық полиция қызметкерлері видеоға қатысы бар адамдарды анықтап, аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Тексеру барысында құқыққа қайшы әрекеттерді Алматы қаласының тұрғыны жасағаны белгілі болды. Оған қатысты ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру баптары бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде танымал болу үшін заңды бұзу әрекеттері міндетті түрде құқықтық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Материал авторы