Эбола жұқтырғандар саны 1,5 мыңнан асты
Дәрігерлер вирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың басым бөлігін бақылауға алғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегі расталған науқастар саны 1 502 адамға жетті. Індеттен 473 адам көз жұмған.
Ресми дерекке сәйкес, 213 адам аурудан айыққан. Қазір 628 науқас дәрігерлердің бақылауында.
Ведомствоның мәліметінше, медицина қызметкерлері вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың 81,8%-ын анықтап, бақылауға алған. Аурудың негізгі ошағы Итури және Солтүстік Киву провинцияларында тіркеліп отыр.
Эбола індетінің Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада өршігені биыл мамыр айының басында белгілі болған.
Конго билігі аурудың күрт таралуын Бундибугио штамымен байланыстырған. Қазіргі уақытта бұл штамға қарсы тиімді вакцина мен арнайы дәрі жоқ.
Елдегі қарулы қақтығыстар індетпен күрес жұмыстарын одан әрі қиындатып отыр.
Ал World Health Organization індеттің таралуын халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялаған. Ал Ресейдің тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау қызметі ел аумағында Эболаның таралу қаупін төмен деп бағалады.
Материал авторы