«Ирина Қайратовна» мүшесі Құрылтай депутаты атануы мүмкін
Атышулы әншінің кандидаттар тізіміне енуі әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада өткен Respublica партиясының съезінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын партиялық кандидаттар тізімі бекітілді. Тізімге қазақстандық «Ирина Кайратовна» хип-хоп тобының мүшесі Азамат Маркленов та енді.
Партияның орталық аппаратының жетекшісі Жанат Ысқақовтың мәліметінше, партиялық тізімге барлығы 76 кандидат енгізілген.
Тізімнің басында Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров тұр. Кандидаттардың орташа жасы – 41 жас. Олардың қатарында 44 ер адам және 32 әйел бар. Ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 14,5 пайызды немесе 11 адамды құрайды.
Сонымен қатар тізімге VIII сайланған Мәжілістің бес бұрынғы депутаты мен түрлі деңгейдегі жеті мәслихат депутаты енгізілген.
Партияның мәліметінше, кандидаттардың шамамен 70 пайызы сайлауға алғаш рет қатысса, қалған 30 пайызының бұған дейін сайлау науқандарына қатысу тәжірибесі бар.
Съезд барысында партия жарғысына да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер құжатты жаңартылған Конституция талаптарына сәйкестендіруге, партияішілік басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ орталық аппарат пен өңірлік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Respublica Құрылтай сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасын бекітті. Бағдарлама «Әл-ауқатты азамат – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел» қағидатына негізделген.
Съезд делегаттары сондай-ақ партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттігін тағы үш жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Әлеуметтік желілерде ерекше назар аудартқан жайттардың бірі – кандидаттар тізіміне Азамат Маркленовтың енуі болды. «Марка» лақап атымен танымал өнерпаз – қазақстандық «Ирина Кайратовна» хип-хоп тобының мүшесі.
Азамат Маркленовтың Respublica партиясына қосылғаны партияның V кезектен тыс съезі барысында белгілі болды. Енді ол партиялық тізім арқылы Құрылтай депутаты атануға мүмкіндік алады.
Respublica партиясы 2023 жылы тіркелген. Партия өзін кәсіпкерлікті дамытуға, цифрландыруға, ашық мемлекеттік басқаруға және азаматтардың қоғамдық-саяси қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жаңа буынның саяси бірлестігі ретінде таныстырады.