1788

«Мені кезектен өшіріп тастаған»: Ақтаулық жетім 15 жыл күткен баспанасынан айырылды

Ақтауда жетім жігіттің тұрғын үй кезегіндегі 15 жылы электронды жүйеде «жоғалып кеткен».

«Мені кезектен өшіріп тастаған»: Ақтаулық жетім 15 жыл күткен баспанасынан айырылды
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласының тұрғыны Юрий Житников мемлекеттік тұрғын үйді 15 жыл күткен кезегі жаңа электронды жүйеге көшіру кезінде жоғалып кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде өз құқығын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.

Оқиға 2011 жылы Юрийдің анасы қайтыс болғаннан кейін басталған. Сол кезде әжесі оған және қарындасына қамқоршылық рәсімдеп, екеуін де жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойған.

Биыл көктемде оның қарындасына әкімдіктен хабарласып, кейін жекешелендіру құқығымен жалдамалы баспана алуға құжат тапсыруға болатынын айтқан. Осыдан кейін Юрий де өз кезегін тексермек болған. Алайда жүйеден өзінің аты-жөні мүлде табылмаған.

«Біз кезекте бірге тұрдық. Қарындасыма пәтер алу үшін хабарласқанда, менің аты-жөнімнің еш жерде жоқ екенін білдім», – дейді ол.

Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгінгеннен кейін шенеуніктер оның 2011 жылғы 9 маусымда қарындасымен бірге тұрғын үй кезегіне қойылғанын ресми түрде растаған.

Алайда 2025 жылдан бері тұрғын үй кезегін жүргізу міндеті жүктелген «Отбасы банк» мәліметтерді жаңа жүйеге көшіру кезінде Юрийге қатысты ақпараттың жоқ екенін хабарлаған. Банк өкілдері оған мәліметтің не себепті жоғалғанын анықтау үшін әкімдікке немесе өз құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге кеңес берген.

Екінші мәрте әкімдікке барғанында да жағдай өзгермеген. Әкімдік оның бұрын кезекте тұрғанын тағы да растағанымен, құқықтарын қалпына келтіру мәселесін сот арқылы шешуге кеңес берген.

Осылайша, бір мемлекеттік орган азаматтың тұрғын үй кезегінде болғанын растаса, екіншісі оның жүйеде мүлде тіркелмегенін айтып отыр.

Қазір 27 жастағы Юрий Житников отбасылы, екі кішкентай бала тәрбиелеп отыр. Ол жанұясымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Сонымен қатар дәрігерлер оған III дәрежелі нейросенсорлық есту қабілетінің төмендеуі диагнозын қойған. Ер адамның айтуынша, сырқаты асқынған жағдайда оған мүгедектік рәсімделуі мүмкін. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор