1074

Бекет ата басына барған үш адам із-түзсіз жоғалып кетті

Маңғыстауда тікұшақпен ауқымды іздеу жүріп жатыр.

Бекет ата басына барған үш адам із-түзсіз жоғалып кетті
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін жоғалып кеткен үш адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2 шілде, бейсенбі күні мемлекеттік нөмірі 010 FZA 12 болатын Great Wall автокөлігімен Бекет ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққан.

Олармен соңғы байланыс сол күні шамамен сағат 16:15-те болған.

Мәліметке қарағанда, мешіт аумағынан олар WhatsApp арқылы бейнежазба жіберген. Осыдан кейін олармен байланыс толық үзілген.

Қазіргі уақытта олардың нақты қайда екені белгісіз.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті ауқымды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жоғалғандарды іздеуге полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің мамандары және басқа да жедел әрі арнайы қызмет өкілдері жұмылдырылған.

Іздеу жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника мен қажетті құрал-жабдықтар тартылған.

Ведомствоның мәліметінше, іздеу бірнеше бағытта бір мезгілде жүргізіліп жатыр және оған барынша көп күш пен техника жұмылдырылған.

«Жұмылдырылған барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, жоғалғандардың орналасқан жерін мүмкіндігінше тез анықтау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр», – деп хабарлады полиция.

Іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылған. Олар өңір тұрғындарын көмек көрсетуге шақырып, әсіресе дроны бар азаматтардың көмегі аса қажет екенін мәлімдеді. Мұндай техника жетуі қиын аумақтарды әуеден шолуға мүмкіндік береді.

Іздеу жұмыстарына қатысуға немесе көмек көрсетуге дайын азаматтардан үйлестіруші Нұрланға +7 (701) 770-76-86 нөмірі арқылы хабарласу сұралды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор