706

Көкшетауда 19 жастағы есірткі таратушы алғашқы жұмыс күні-ақ ұсталды

Әскерден келген жігіт «жеңіл ақша» іздеп, темір торға түсті.

Көкшетауда 19 жастағы есірткі таратушы алғашқы жұмыс күні-ақ ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда синтетикалық есірткі таратумен айналыспақ болған 19 жастағы жігіт алғашқы күні-ақ қолға түсті.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері синтетикалық заттарды таратумен айналысқан күдіктінің әрекетін тоқтатты. Жедел уәкілдердің назарына 19 жастағы жас жігіт іліккен.

Тергеу мәліметінше, ол «закладчик» ретінде жұмыс істеуге келісіп, тез ақша табуды көздеген. Алайда қылмыстық жоспарын жүзеге асыруға үлгермеген.

«Жеке тінту кезінде күдіктіден әрі қарай таратуға арналған психотроптық зат салынған 50 орама тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт жақында әскерден оралып, есірткі сатушылардың ұсынысына келіскен», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 24 есірткі курьерінің заңсыз әрекеті тоқтатылған. Нәтижесінде 80 килограмнан астам синтетикалық есірткі заңсыз айналымға түспеген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Материал авторы