Холандтың дублі Норвегияны әлем чемпионатының ширек финалына шығарды
Бразилия әлем чемпионатындағы жолын аяқтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегия құрамасы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өткен кездесуде ұзақ уақыт бойы есеп ашылмады.
Матчтың 79-минутында шабуылшы Эрлинг Холанд Андреас Шельдеруптың әуелете асырған пасын баспен қақпаға бағыттап, есеп ашты.
90-минутта Холанд дубль авторы атанды. Ол Шельдеруптың кезекті нәтижелі пасынан кейін айып алаңы сыртынан дәл соққы жасап, Норвегияның басымдығын еселей түсті.
Бразилия тек қосымша уақыттың оныншы минутында жауап қайтара алды. Команда көшбасшысы Неймар пенальтиді сәтті орындап, қорытынды есепті 2:1 етіп белгіледі.
Айта кетейік, бірінші таймда да бразилиялықтар 11 метрлік айып добын орындауға мүмкіндік алған. Алайда Бруно Гимарайнстың соққысын Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд қайтарып, командасын голдан құтқарды.
Холанд осы дублінің арқасында турнирдегі гол санын жетіге жеткізіп, үздік сұрмергендер тізімінде Килиан Мбаппе мен Лионель Мессиге теңесті. Үшеуінің де еншісінде жеті голдан бар. Басылым мәліметінше, әлем чемпионаттары тарихында бір турнирде үш футболшының бірдей жеті гол соғуы бұрын-соңды болмаған.
Осылайша Норвегия құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Келесі кезеңде олар Англия мен Мексика арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.
Сондай-ақ Норвегия Бразилиямен кездесулер тарихында жеңіліс көрмеген жалғыз құрама болып қала берді. Екі команда арасындағы бес матчтың үшеуінде скандинавиялықтар жеңіске жетсе, қалған екеуі тең аяқталған.
Материал авторы