1312

Еркебұлан Тоқтар оқырманының анасын емдеуге 50 мың доллар берді

Файтер онкологиялық дертке шалдыққан әйелдің еміне қажетті барлық шығынды өз мойнына алды.

Еркебұлан Тоқтар оқырманының анасын емдеуге 50 мың доллар берді
instagram.com/erkebulan_toktar

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ММА файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желідегі оқырманының анасын емдеуге 50 мың АҚШ долларын аударып, бұған дейін берген уәдесін орындады.

Offside.kz мәліметінше, IBA Nomad 15 турниріндегі жекпе-жек алдында спортшыға Жасқанат есімді оқырманы хабарласып, анасына онкологиялық ауру диагнозы қойылғанын айтып, көмек сұраған.

Файтер бұл өтінішке бейжай қарамай, әйелдің еміне қажет қаржыны толықтай өз мойнына алған. Ол отбасыға 50 мың АҚШ долларын өтеусіз аударған.

Қаражатты шұғыл жинау үшін Еркебұлан Тоқтар Instagram желісіндегі видео түсірілімі кезінде Nomad Fighting лигасының басшысы Мұхамеджан Қонысбековке хабарласып, алдағы жекпе-жекке тиесілі гонорарын алдын ала беруді сұраған. Себебі емдеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік болмаған.

Лига басшылығы спортшының өтінішін қолдап, келісімшартқа қол қойылғаннан кейін гонорарды қолма-қол төлеп берген.

«Ана – біреу ғана. Ағайын көп болуы мүмкін, дос көп болуы мүмкін. Бірақ ананы жоғалтуға болмайды», – деген Еркебұлан Тоқтар.

Спортшының орындаған екінші уәдесі де осы турнирмен байланысты болды. Ол бұған дейін медиа кеңістікте өзін бірнеше рет арандатқан ресейлік поп-ММА өкілі Артем Тарасовты сенімді жеңетінін мәлімдеген еді. Алматыда өткен жекпе-жекте Тоқтар қарсыласын бірінші раундта нокаутқа жіберіп, бұл сөзінде де тұрды.

Еске салсақ, Еркебұлан Тоқтар кәсіби ММА-да 2021 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол 14 жекпе-жек өткізіп, оның 10-ында жеңіске жетті. Ал 2025 жылы Best Media Fighter чемпиондық белбеуін жеңіп алған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор