1140

Астанада көпірде селфи жасамақ болған мас ер адам Есілге құлап кетті

Алғашқы болып көмекке жақын маңда жүрген серуендеу экипажы жеткен.

Астанада көпірде селфи жасамақ болған мас ер адам Есілге құлап кетті
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінде селфи жасамақ болған 27 жастағы ер адам Есіл өзеніне құлап кетті. Ол оқиға кезінде мас күйде болған. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасы жазды.

Оқиға 5 шілде күні Есіл өзенінің акваториясын патрульдеп жүрген Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы қызметкерлері кезекшілік атқарып жүрген кезде болған.

Алғаш болып көмекке жақын маңда жүрген серуендеу теплоходының экипажы келген. Олар суға құлаған азаматқа құтқару шеңберін лақтырып, оны жағаға жақындатқан.

Кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылар ер адамды құтқару қайығына шығарып, жедел-құтқару жасағының базасына жеткізді.

1998 жылы туған азамат сол жерде жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жағдайы қанағаттанарлық.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды әсерлі сурет немесе видео үшін өміріне қауіп төндірмеуге шақырды. Ведомство су айдындарының маңында қауіпсіздік талаптарын сақтауды, қоршаудан аспауды, су жиегіне тым жақындамауды, әсіресе алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда мұндай әрекеттерге бармауды ескертті.

Министрлік төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды.

Материал авторы