Ресейлік хакерлер британдық шенеуніктердің деректерін ұрлап, даркнетке шығарды
Хакерлер Ұлыбританияның маңызды инфрақұрылымына қатысты мәліметтерді сатылымға қойған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей аумағынан әрекет ететін хакерлер Ұлыбританиядағы мемлекеттік қызметкерлер мен аса маңызды инфрақұрылым саласы қызметкерлерінің аккаунттарына заңсыз қол жеткізіп, ұрланған деректерді даркнетте сатылымға шығарған. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, кибершабуыл салдарынан Таиланд пен Маврикийдегі Ұлыбритания елшіліктерінің IT-мамандарының, сондай-ақ Дербишир графтығы мен Лондондағы Уолтем-Форест ауданы әкімшіліктері қызметкерлерінің аккаунттары бұзылған.
Хакерлер бұл деректерді даркнетте 60 мың АҚШ долларына дейінгі бағамен ұсынып отыр.
Сонымен қатар шабуыл киберқауіпсіздік шешімдерін әзірлейтін Fortinet компаниясының 80 мыңнан астам желіаралық қорғаныс жүйесіне (firewall) әсер еткені айтылды.
Сарапшылардың пікірінше, сатылымға шығарылған мәліметтердің бір бөлігі Ұлыбританияның маңызды инфрақұрылымына қызмет көрсететін ұйымдардың IT-жүйелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында елдің Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS), дәрі-дәрмек жеткізушілері және энергетикалық компаниялар бар.
Киберқауіпсіздік саласының сарапшылары мұндай ақпараттың сыртқа шығуы пациенттердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін «апатты жағдайларға» әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен бірге The Telegraph Кремльдің бұл кибершабуылға қатысы әзірге дәлелденбегенін атап өтті. Дегенмен басылым Ресейден әрекет ететін хакерлік топтардың әлемдегі тұрақсыздықты күшейтудің тиімді құралы ретінде қарастырылатынын және ресми Мәскеу олардың қызметіне көз жұма қарайтынын жазады.
Басылым сондай-ақ 2024 жылдың мамырында Ұлыбританияның Үкіметтік байланыс орталығының (GCHQ) басшысы Энн Кист-Батлер Ресей билігі британдық нысандарға қарсы әрекет ететін хакерлік топтарды бұрынғыдан белсендірек қолдап отырғанын мәлімдегенін еске салды.
Бұған дейін Германия, Польша және Дания да Ресеймен байланысы бар деп есептелетін хакерлік топтарды кибершабуылдар үшін айыптаған болатын.
Материал авторы