Көлсайға барған 16 жастағы қызды жылан шағып алды
Құтқарушылар оқиға орнында алғашқы көмек көрсетіп, қызды дереу ауруханаға жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы Көлсай көлдері аумағында демалып жүрген 16 жастағы қызды жылан шағып алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін ауруханаға жеткізді.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға құтқарушылар Көлсай көлдері аумағында кезекшілік атқарып жүрген кезде болған. Демалушылар олардың көмегіне жүгініп, жылан шаққан жасөспірімге шұғыл көмек қажет екенін хабарлаған.
Құтқарушылар алдымен әмбебап құтқару бекетінде зардап шеккен қызға алғашқы көмек көрсеткен. Осыдан кейін оны қызметтік автокөлікпен медициналық мекемеге жеткізген.
ТЖМ жаз мезгілінде жыландардың белсенділігі артатынын ескертіп, табиғат аясында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Мамандардың айтуынша, белгіленген бағыттардан шықпау, демалатын орынды мұқият тексеру және жыландарға жақындамау немесе оларды ұстауға әрекет жасамау қажет.
Сондай-ақ ведомство жылан шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарласуға кеңес берді.
Материал авторы