1500

Алматыда мас күйдегі ер адам әйелін ұрып-соғып, кейін оны жалған айыптауға тырысты

Әйеліне күш көрсеткен алматылық кейін әйелім пышақтады деп кінәні жұбайына жаппақ болды.

Алматыда мас күйдегі ер адам әйелін ұрып-соғып, кейін оны жалған айыптауға тырысты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Медеу ауданында бірнеше күн бойы ішімдік ішіп, әйеліне күш көрсеткен ер адам кейін оны өзіне пышақ жарақатын салды деп айыптауға тырысқан. Алайда бұл мәлімет расталмады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына Медеу ауданының тұрғыны хабарласып, күйеуінің бірнеше күннен бері алкогольдік ішімдік ішіп, агрессивті мінез көрсетіп, өзіне қол көтеріп жүргенін айтқан.

Оқиға орнына жеткен полицейлер әйелдің сөзінің рас екенін анықтаған. Ер адам қатты мас күйде болып, айналасындағыларға агрессия танытқан.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары оның денесіндегі ескі жарақаттан қан кетіп жатқанын байқап, жедел жәрдем шақырған.

Кейін ер адам жарақатты өзіне әйелі пышақпен салғанын мәлімдеген. Алайда тексеру барысында бұл ақпарат расталмаған. Артынша ол жарақатты бұған дейін басқа жағдайда алғанын мойындаған.

Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бөлімінің қызметкерлері оған қорғау нұсқамасын шығарды. Полицияның басты мақсаты әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу болған.

«Мұндай әрбір шақырту жай ғана отбасылық жанжал емес. Бұл – ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік беретін дер кезінде жасалған араласу», – деп атап өтті полиция өкілдері.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор