Аптап, бұршақ және дауыл: 7 шілдеге арналған ауа райы болжамы
Елдің бірнеше өңірінде аптап ыстық пен найзағай қатар күтіледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 7 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылады. Елдің батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық күшейсе, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, Маңғыстау облысында ауа температурасы 38–41 градусқа, Қызылорда мен Түркістан облыстарында 40–41 градусқа дейін көтеріледі. Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Алматы, Жетісу, Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында да 35–37 градусқа дейінгі қатты ыстық сақталады.
Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Қарағанды облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел болжанып отыр. Кей өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Астанада күндіз жаңбыр мен найзағай болжанса, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Атырау, Ұлытау, Жетісу, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының бірқатар аумақтарында өрт қаупінің деңгейі өте жоғары болады.
Тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтап, дауылды ескертулерді ескеруге кеңес берілді.
Материал авторы