885

Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Студенттер мен кәсіпорын қызметкерлерін қорқытып ақша алған топ әшкереленді.

Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалаған қылмыстық топ ұсталды
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында студенттер мен ірі кәсіпорын қызметкерлерінен ақша бопсалап келген деген күдікке ілінген адамдар тобы ұсталды. Арнайы операцияны полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті бірлесіп жүргізді. 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Ақсу және Екібастұз қалаларында адамдарды қорқытып, олардан жүйелі түрде ақша талап еткен.

Жәбірленушілердің қатарында студенттер мен өңірдегі ірі кәсіпорындардың қызметкерлері болған.

Тінту барысында күдіктілерден қолма-қол ақша, ұялы телефондар, банк карталары, құжаттар және қылмыстық іске қатысы бар басқа да заттай дәлелдер тәркіленді. Сондай-ақ олардың пайдаланған көліктері айып тұрағына қойылды.

Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Диас Қадыровтың айтуынша, бопсалау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.

– Полицияға барлығы 10 адам жеткізілді. Олардың төртеуі сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Диас Қадыров.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор