Атырау облысында 69 гектарды шарпыған қамыс өрті әлі толық сөндірілмеді
Батпақты аумақтағы қамыс өртін сөндіруге жел кедергі келтіруде
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысындағы Исатай және Махамбет аудандарының шекарасындағы батпақты аумақта тұтанған қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылардың жұмысына жердің техника өте алмайтын батпақты болуы мен қатты жел кедергі келтіруде. Бұл туралы Kazinform жазды.
Өрт Каспий теңізінен шамамен 40 шақырым жерде, Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округі бағытында шыққан.
7 шілде сағат 15:00-дегі мәлімет бойынша, алдын ала есеппен тілсіз жау жалпы 69 гектар аумақты шарпыған. Оның ішінде 53 гектардағы өртті Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері сөндірсе, 11 гектарда жалын өздігінен өшкен. Қазіргі уақытта 5 гектар аумақта қамыс әлі жанып жатыр.
Өртті сөндіру жұмыстары ашық батпақты жердің салдарынан күрделеніп отыр. Арнайы техниканың көп бөлігі өрт ошағына жете алмайды.
Оқиға орнында Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің 34 қызметкері мен 7 техникасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 10 қызметкері мен 5 техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 11 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылған.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбділді Баекеевтің айтуынша, өрттің тез таралуына қатты жел себеп болған.
– Желдің күшеюі жалынның жылдам таралуына әсер етті. Қазір бес трактор жер жыртып, өрттің таралуына жол бермеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай тұрақты. Өрт жақын арада толық сөндіріледі, – деді ол.
Ведомствоның мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртті толық жою жұмыстары жалғасуда.
Бұған дейін өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін Төтенше жағдайлар департаменті, Исатай және Махамбет аудандары әкімдіктері мен жауапты қызметтердің қатысуымен жедел штаб отырысы өткен болатын.
Материал авторы