Жанабыловтардан тәркіленген сегіз көлік мемлекетке өтеді
Hyundai Elantra көліктері жаңа иесіне емес, мемлекеттік органдарға берілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан тәркіленген сегіз автокөлік мемлекеттік органдардың меншігіне өтеді. 7 шілдеде өткен электронды сауда-саттық сәтті аяқталды.
Бұған дейін сот үкімімен тәркіленген 2025 жылы шығарылған сегіз Hyundai Elantra автокөлігі электронды сауда алаңына қойылған болатын. Барлық көлік түрлі түсте және бұрын блогерлерге қатысы бар «ZHANA BUSINESS» ЖШС-нің атына рәсімделген.
Саудаға құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелер ғана қатыса алды.
Әрбір автокөліктің бағалау құны 8 395 000 теңге болып белгіленген.
Sauda.e-qazyna.kz порталындағы мәліметке сәйкес, 8 шілдедегі жағдай бойынша барлық сегіз лоттың мәртебесі «сауда өтті» деп өзгерген. Соның нәтижесінде тәркіленген көліктер мемлекеттік органдарға беріледі.
Еске салсақ, блогерлерге қатысты жаңа қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 13 наурызда Астанада басталған. Кейін олар тергеумен процестік келісім жасап, тағылған айыптарды толық мойындап, мемлекетке келтірілген 247 миллион теңгеден астам шығынды өтеген.
Прокуратура осы келісім негізінде Ерболат Жанабыловқа екі жыл шартты жаза, ал Эльмира Төлегеноваға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді кейінге қалдыруды сұраған.
27 сәуірде сот бұл ұсынысты қолдап, блогерлерді заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Үкімге сәйкес, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған 17 дана iPhone 16 смартфоны мен 8 Hyundai Elantra автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Материал авторы