299

Бурабай маңында квадроцикл аударылып, 22 жастағы астаналық қыз қаза тапты

Полиция қайғылы оқиғадан кейін квадроциклді жалға беру пунктінің қызметін жан-жақты тексеруге кірісті.

Бурабай маңында квадроцикл аударылып, 22 жастағы астаналық қыз қаза тапты
orenburzhie.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында квадроциклмен серуендеу қайғылы оқиғамен аяқталды. Бурабай мен Зеленый Бор кенттері арасындағы автожолда квадроцикл аударылып, 22 жастағы Астана тұрғыны көз жұмды. Тағы бір қыз жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. 

Полицияның мәліметінше, квадроциклді басқарған 22 жастағы қыз әзірге анықталмаған себеппен көлікті тізгіндей алмай қалған. Соның салдарынан мотокөлік аударылған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу аясында полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметі, мототехниканы жалға беру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы және қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін өзге де себептер тексерілуде.

Ақмола облысы полиция департаменті квадроциклді басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет екенін еске салды. Жолға шығар алдында техниканың жарамдылығын тексеру, қорғаныс құралдарын пайдалану, жылдамдық режимін сақтау және пайдалану қағидаларын орындау міндетті.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, мототехниканы пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік шараларын елемеу ауыр әрі орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор