Петропавлдағы зауыттағы жарылыс: Жұмысшының денесінің 95 пайызын күйік шалды
51 жастағы оператордың денесінің 95 пайызын күйік шалып жансақтау бөліміне жеткізілді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлдағы бетон зауыты аумағында техникалық май құйылған цистерна жарылып, кәсіпорын қызметкері ауыр жарақат алды. Бұл туралы Qazaqstan Media басылымы жазды.
Оқиға 8 шілде күні таңғы сағат 10:00 шамасында жол құрылысына арналған бетон өндіретін және сататын кәсіпорын аумағында болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, техникалық май толтырылған цистерна тұтанып, артынша жарылған. Сол сәтте жабдықтың маңында жоспарлы тексеру жүргізіп жүрген 51 жастағы оператор болған. Ер адамға лап еткен жалын мен қызған техникалық май тиіп, ауыр күйік алған.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері зардап шегушіні Петропавл қаласындағы көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізді.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың денесінің шамамен 95 пайызын II–III дәрежелі термиялық күйік шалған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап, өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жарылыс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 1-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу») бойынша тіркелді.
Материал авторы