Елге аптап ыстық пен қауіпті ауа райы қатар келеді
Қазақстанның бірнеше облысында нөсер, дауыл және төтенше өрт қаупі болжанды.
9 шілдеде Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт құбылып, қатты ыстықпен қатар найзағай, нөсер жаңбыр, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Сонымен бірге бірқатар аймақта төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі ықтимал.
Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанса, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында аптап ыстықпен қатар тұман күтіледі.
Елдің оңтүстігіндегі Қызылорда және Түркістан облыстарында күндіз ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі. Қызылорда облысының кей аумағында шаңды дауыл соғады.
Ақмола, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар облыстары мен өзге бірқатар өңірде де 35-38 градусқа дейін ыстық сақталады. Сонымен қатар еліміздің көптеген облысында жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.
Ірі қалаларда да қолайсыз ауа райы күтіледі. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Өскемен, Семей, Орал қалаларында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ болжанса, Түркістан, Қызылорда, Қонаев, Қостанай, Жезқазған қалаларында қатты ыстық сақталады.
Төтенше қызметтер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға, дауыл кезінде алыс жолға шықпауға және өрт қаупі жоғары кезеңде ашық от қолданбауға кеңес береді.
Материал авторы