Алматыда туған күн қанды төбелеспен аяқталды: қансыраған ер адам көшеден табылды
Туған күндегі жанжалдан кейін ер адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.
Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері ауыр жарақат алған ер адамның өмірін сақтап қалды. Қансырап жатқан азамат қаланың Алатау ауданындағы Шаңырақ-2 шағынауданынан табылған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Оперативтік басқару орталығына таңертең ерте көшеде қансыраған ер адамның жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция жасағы жіберілген.
Полицейлердің айтуынша, ақпарат расталған. Ер адам ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер жеткенше тәртіп сақшылары алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуді тоқтатқан. Кейін зардап шегуші жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылып, полицияның алып жүруімен ауруханаға жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйде болған. Оның айтуынша, туған күнін атап өту кезінде дастарқан басында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Сол қақтығыс барысында ол ауыр жарақат алған.
Оқиғаның барлық мән-жайын қазір Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр. Сондай-ақ жанжалға қатысқан адамдардың жеке басы анықталып, олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Материал авторы