Желіде Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады
Toyota Land Cruiser жүргізушісі екі жол апатынан кейін ұсталды.
Әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция әзірге ұсталған жүргізушінің жеке басын ресми түрде растаған жоқ.
Kozachkov offside Telegram-арнасының мәліметінше, оқиға елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының маңында болған.
Ақпаратқа сәйкес, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі үш автокөлік қатысқан екі жол-көлік оқиғасына себеп болып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан. Telegram-арнасы рөлде 35 жастағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов болғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ жарияланған мәліметте жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері байқалғандықтан, оның медициналық куәландыруға жіберілгені айтылған.
Ал Астана қаласының Полиция департаменті Liter.kz редакциясына екі жол-көлік оқиғасы болғанын және кейін Toyota Land Cruiser жүргізушісінің ұсталғанын растады. Алайда оның аты-жөнін жариялаған жоқ.
Ведомствоның мәліметінше, жедел іздестіру шаралары барысында көлік Достық көшесінде анықталып, тоқтатылған.
«Көлікті алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам басқарған. Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады полиция.
Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Материал авторы